КҚК терминалынан мұнай тиеп жатқан тағы бір танкер шабуылға ұшыраған
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 20 шілдеге қараған түні Қара теңіздегі терминалдан мұнай тиеп жатқан Nelsa танкеріне дрон шабуылы жасалғанын хабарлады.
Компания мәліметінше, кеменің бірнеше жерінен өрт шығып, экипаждың 22 мүшесі эвакуацияланған. Капитан мен бірінші көмекшісі кемеде қалып, өрт бірнеше сағаттан кейін сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ.
КҚК бұл шабуылдарды халықаралық консорциум экспорттайтын инфрақұрылымға қарсы "террорлық әрекет" деп атап, консорциумға мүше елдерді нақты шаралар қабылдауға шақырды.
17-19 шілде аралығында КҚК-ның Қара теңіздегң терминалынан мұнай тасымалдайтын танкерлерге дрондар шабуылдаған. Қазақстанның сыртқы істер және энергетика министрліктері бұл әрекеттерді елдің экономикалық мүддесіне қол сұғу деп бағалап, шабуылдарды тоқтатуға үндеді.
Шабуылдарды кім ұйымдастырғаны ресми түрде аталған жоқ. Украина бұған дейін Ресейдің мұнай инфрақұрылымын заңды әскери нысана деп санайтынын мәлімдеген.
КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен 80 пайызы Қазақстан кеніштерінен өндіріледі. 2025 жылы консорциум экспортқа шығарған 70 млн тонна мұнайдың 63 млн тоннаға жуығы қазақстандық шикізат болды.
Обсуждение 0
Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.
Обсудить в Telegram