Даудың басталуы
▪️2025 жылғы қыркүйекте медициналық орталықтың екі қызметкері анестезиолог-дәрігердің мінез-құлқына қатысты шағым түсіріп, оның іскерлік әдеп нормаларын бұзғанын мәлімдеді.
▪️Дәрігерден жазбаша түсініктеме талап етіліп, онда ол әріптестерімен болған жанжалға қатысты өз ұстанымын баяндады.
▪️Екі аптадан кейін жұмыс беруші оған сөгіс жариялады.
▪️Алайда бұйрықта іскерлік әдепті бұзумен қатар, анестезия жасауға ақпараттандырылған келісімді алу тәртібін сақтамағаны да көрсетілді. Атап айтқанда, баланың заңды өкілдерінің келісімі операция өтетін күні ғана алынғаны дәрігерге кінә ретінде тағылды.
▪️Апелляциялық сот алқасы медициналық орталықтың ішкі ережелерін зерделеп, дәрігер ақпараттандырылған келісімді операция қарсаңында алып, ал анестезия жасалар алдында оны қайта растауы тиіс деген қорытындыға келді.
▪️Сондықтан сот алғашқы сөгісті тек бір негіз бойынша – ақпараттандырылған келісімді уақытында рәсімдемегені үшін заңды деп таныды.
▪️Ал іскерлік әдепті бұзды деген айыптаулар дәлелін таппады.
Шағымдар болды, бірақ дәлелдер жеткіліксіз болды
▪️Жұмыс беруші қызметкерлердің арыздарына сүйенгенімен, сот мұндай шағымдардың өздігінен жеткілікті дәлел бола алмайтынын көрсетті.
▪️Медициналық орталықта бейнебақылау камералары орнатылғанына қарамастан, шағымда көрсетілген жанжалдарды растайтын бейнежазбалар сотқа ұсынылмады.
▪️Өзге де объективті дәлелдемелер болмаған.
▪️Апелляциялық сот тәртіптік жаза тек жекелеген қызметкерлердің сөздеріне ғана негізделмеуі тиіс екенін атап өтті. Істің барлық мән-жайы жан-жақты, толық әрі объективті түрде тексерілуге тиіс.
Екінші жанжал жұмыстан шығарумен аяқталды
▪️Бірнеше айдан кейін бөлімше басшысы жаңа қызметтік жазба ұсынды.
Онда дәрігердің жанжалға бейімдігі, шамадан тыс эмоцияға берілетіні, әріптестерімен жиі сөз таластыратыны және ұжымда шиеленісті ахуал қалыптастырғаны айтылған.
▪️Жұмыс беруші мұны қайталанған тәртіп бұзушылық деп бағалап, ең қатаң тәртіптік жаза ретінде еңбек шартын бұзды.
▪️Алайда істі қарау барысында негізгі мәселе туындады.
▪️Адамды пікірталасқа түсетіні, қолайсыз сұрақтар қоятыны немесе жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерді сынға алғаны үшін жұмыстан шығаруға бола ма?
▪️Апелляциялық сот бұл сұраққа теріс жауап берді.
▪️Қызметтік жазбаларда дәрігердің мінез-құлқына жалпы сипаттағы бағалар берілгенімен, нақты дәлелденген тәртіптік теріс қылықтың сипаттамасы көрсетілмеген.
▪️Сот алқасы жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерді жоюға бағытталған қызметкердің белсенді ұстанымы автоматты түрде іскерлік әдепті бұзу болып саналмайтынын ерекше атап өтті.
▪️Яғни, адамның турашылдығы, эмоцияға берілуі немесе басшылыққа қолайсыз болуының өзі оны жұмыстан шығаруға заңды негіз бола алмайды.
Іс қалай аяқталды
▪️Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертті.
▪️Екінші тәртіптік жаза қолдану және жұмыстан шығару туралы бұйрықтар заңсыз деп танылды.
▪️Дәрігер анестезиолог-реаниматолог лауазымына қайта орналастырылды.
▪️Медициналық орталықтан мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кезеңдегі орташа жалақы, моральдық зиян үшін өтемақы және өкілдің қызметіне жұмсалған шығын өндірілді.
Неліктен бұл іс маңызды?
▪️Бұл іс дәлелденген құқық бұзушылық пен адамның мінез-құлқына берілген субъективті бағаның ара-жігін айқын көрсетеді.
▪️Анестезияға ақпараттандырылған келісімді уақытында рәсімдемегені үшін дәрігер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сөгіс күшінде қалды.
▪️Ал жанжалшылдық пен іскерлік әдепті бұзды деген айыптаулар объективті дәлелдермен расталмағандықтан, сот оларды негізсіз деп таныды.
▪️Жұмыс беруші нақты дәлелденген тәртіптік теріс қылық үшін ғана тәртіптік жаза қолдануға құқылы.
▪️Алайда жұмыстан шығару қызметкердің «мінезі қиын», «тым эмоциялы» немесе «әріптестерімен тіл табыса алмайды» деген жалпы пікірлерге негізделмеуі тиіс.
▪️Жұмыстан шығару үшін эмоциялар, жорамалдар немесе басшылықтың жеке наразылығы емес, заңды түрде дәлелденген нақты фактілер қажет.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы
@astanasottary
@Jogargy_sot