⚡️Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Алғаш рет білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің конституциялық қағидаты ретінде танылмақ. Мемлекеттің, әсіресе, білім беру жүйесінің зайырлы сипатқа ие болуы айрықша маңызға ие.
Біз төрткүл дүниенің дарындарын өзімізге тартып, инвестициясын игеретін мықты елге айнала аламыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Бұл – адам капиталының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі.
Сондықтан зияткерлік меншікті тұңғыш рет Конституция деңгейінде қорғау ұсынылып отыр. Бұл, өз кезегінде, креативті экономиканың дамуына тың серпін береді.
«Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды» деген норма енгізілді.
Осылайша, біз тұрақты әрі түсінікті құқықтық, инвестициялық орта қалыптастырамыз. Азаматтарымыз өз құқы бұзылмайтынын, қорғалатынын біліп, олардың алаңсыз өмір сүруіне және кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады.
Сонымен қатар жекелеген аумақтар мен «қарқынды дамитын қалалар» үшін арнаулы құқық режимін белгілеу ұсынылып отыр.
Осы нормаға байланысты еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді деген қауесет тарай бастады. Әдетте мұндай ауыр айыптауды әлемдік тәжірибеден бейхабар, заңнамалық сауаты жоқ адамдар айтады.
Айтпақшы, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген.
Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық.
Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ.
Жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған.
Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын.
Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады.
Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз».
@aqorda_resmi
Обсуждение 0
Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.
Обсудить в Telegram