⚡️ Жұмыскер құқығы - басты назарда: Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заңға қандай өзгерістер енеді?
Жұмысшылардың мүддесін қорғау үшін дайындаған авторлық заңымыздағы негізгі 5 түзетуге тоқталып өтейін:
1. ГПХ-мен алдау тоқтатылады
Көптеген жұмыс берушілер әлеуметтік кепілдіктерден жалтару үшін еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт (ГПХ) жасасуды әдетке айналдырды. Салдарынан жұмысшы демалыссыз, емдемақысыз және зейнетақы жарнасыз қалады.
Өзгеріс: Егер жұмыста еңбек қатынасының нақты белгілері болса, ГПХ жасасуға тыйым салынады. Мыңдаған азамат әлеуметтік кепілдіктерге ие болады. Ал ГПХ тек нағыз еркін қатынастар үшін сақталады.
Мысалы, бір жолғы жұмыс (сайт жасау, кеңсе жөндеу), нақты нәтижеге бағытталған қызмет (аударма жасау, бір реттік тренинг өткізу).
2. Бірдей жұмысқа - бірдей жалақы
Бір кәсіпорында, бір лауазымда отырған шетелдік пен жергілікті маманның жалақысында жер мен көктей айырмашылық болмауы тиіс.
Өзгеріс: Енді ұжымдық шартта бір лауазым бойынша ең төменгі және ең жоғары жалақының арақатынасы нақты белгіленеді.
3. Жазатайым оқиғаны тергеу ашық болады.
Қазір өндірістегі жарақатты жұмыс берушінің өзі құрған комиссия тексереді. Бұл субъективті шешімдерге алып келеді.
Өзгеріс: Комиссия құрамына тәуелсіз медиаторлар, адвокаттар немесе зардап шегушінің туыстары қатыса алады. Тергеу әділ өтуі тиіс.
4. Жарақат дәрежесін анықтаудың бірыңғай стандарты
Бүгінде дәрігерлер 1994 жылғы ескірген ұсыныстарды қолданады. Соның кесірінен бір жарақат бір жерде "ауыр", екінші жерде "жеңіл" деп бағалануы мүмкін.
Өзгеріс: Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық стандартқа сай (Франция, Канада үлгісімен) бірыңғай Қағидалар бекітеді. Өтемақы әділ төленуі тиіс.
5. Жұмысшыны "кінәлі" қылып шығаруға жол берілмейді
Оқиға болса, жұмыс беруші кінәнің 70 пайызын жұмысшыға жауып, өтемақы төлеуден қашатын.
Өзгеріс: Қызметкердің "абайсыздығы" болған күннің өзінде, оның жауапкершілігі 25 пайыздан аспайды. Бұл жұмыс берушіні қауіпсіздікті күшейтуге міндеттейді.
Бұл заң - әділетті еңбек жағдайына жасалған үлкен қадам!
Обсуждение 0
Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.
Обсудить в Telegram