avatar
AIMAGAMBETOV
@aimagambetov
13.01.2026 18:49
Студент кезімізде түрлі практикадан өтетінбіз. Ең есте қалғаны, әрине, археологиялық практика болды. Бірақ музейлік және архивтік практикалар да қызықты әрі танымды болды.

Шынын айтсам, архивтану пәні алғаш енгізілгенде оны ең қызықсыз курс болады деп ойлағанмын. Бірақ бәрі керісінше болып шықты.

Кез келген тарихшы үшін архив құжаттарымен жұмыс істеу – ең маңызды дағдылардың бірі. Өкінішке қарай, бүгінде архивтердің жағдайы мәз емес. Біз көптеген құжаттарды жоғалтып жатырмыз: жеке құрам мен еңбек қатынастарына қатысты материалдардан бастап, электронды БАҚ архивтеріне дейін. Кейбірі порталдар жабылған кезде мүлде жоғалып кетеді.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы қол қойған заң архив ісін түбегейлі жақсартуға бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Ұзақ жылдар бойы бұл сала «цифрлық» дамудан артта қалып келді. Енді бұл жағдай өзгереді деген үміт бар.

Қысқаша айтсам, негізгі өзгерістер мыналар:

1. Архивистердің мәртебесі мен қорғалуы
Заңнамада ауылдық жерлерде жұмыс істейтін бірқатар азаматтық қызметкерлерге 25% үстемақы қарастырылған еді (білім, ветеринария, орман шаруашылығы, спорт және т.б.). Алайда тарихты сақтап отырған архив қызметкерлеріне қатысты нақты норма заң жүзінде болмаған еді. Енді архив саласының қызметкерлері заңда жеке көрсетілді.

2. «Цифрлық архив» – енді заңды ұғым
Бұрын электронды көшірмелер тек «файл» ретінде қарастырылатын. Енді алғаш рет «Цифрлық архив» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітілді.

3. Аудио, кино және телематериалдар жоғалмайды
Бұрын бюджет есебінен түсірілген фильмдер мен бағдарламалар жекелеген продюсерлер мен студияларда қалып, уақыт өте жоғалып кететін жағдайлар кездесетін. Енді нақты талап енгізілді: егер контент бюджет қаражатына түсірілсе, өндіруші 30 күн ішінде оның көшірмесін (түпнұсқасын) мемлекеттік архивке тапсыруға міндетті. Бұл – болашақ ұрпақ үшін елдің бейнежылнамасын қалыптастыру. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджетпен бірлесіп қаржыландырылған материалдарды да тапсыру міндеттелді (Қоғамдық палата сарапшыларының ұсынысы).

4. Мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе беру
Мұндай мәртебе мен соған байланысты үстемақылар мен ерекше шарттар жоғары оқу орындарына, театрларға, музейлерге беріліп келген. Ал архивтер бұл тізімде болмаған. Енді депутаттардың түзетулері арқылы мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе енгізіледі. Оны Президент береді. Бұл қорлардың сақталуына ерекше назар аударып, тиісті қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

5. Құжаттарды архивке тапсыру міндеті
Ұйымдар таратылған кезде (әсіресе жекеменшік ұйымдар) жеке құрамға қатысты құжаттарды қоса алғанда, барлық құжаттарды мемлекеттік архивке тапсыру міндеті енгізілді. Бұл архивке өткізілгені туралы анықтамамен рәсімделеді.

Әрине, әлі толық шешілмеген мәселелер бар. Атап айтқанда, цифрлық архивте электронды БАҚ материалдарын сақтауға қатысты бірқатар нормалар Үкіметтің қорытындысында тұр. Оларға байланысты шешімдер алдағы уақытта қабылданады деп ойлаймын.
17
👍 4
1 2.3K

Обсуждение 0

Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.

Обсудить в Telegram
Открыть в Telegram