avatar
AIMAGAMBETOV
@aimagambetov
08.01.2026 09:08
Тарих факультетінің студенті кезімде археология дәрістерін тыңдап, кейін қазба жұмыстарына қатыса жүріп, ең алдымен қаншама құнды тарихи ескерткіштердің жоғалып кеткеніне қынжылатынмын. Ол кезде болашақта тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға арналған заң жобасының авторларының бірі боламын деп, әрине, ойламадым.

Тарихи ескерткіштердің жойылу мәселесі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында мәдени мұра нысандарын сақтау жөнінде нақты міндет қойған кезде, біз Президент тапсырмасы аясында арнайы заң жобасын бастамашылық ету туралы шешім қабылдадық.

Осы жұмыс барысында ғалымдармен ондаған кездесу өткіздік. Нәтижесінде мазмұны терең, жан-жақты пысықталған құжат әзірленді. Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы заңға қол қойды. Төменде оның негізгі жаңашылдықтарын атап өткім келеді.

1. Лицензиялау.
Лицензиялардың жаңа түрлері енгізіліп, олардың қолданылу мерзімі белгіленді, алу талаптары күшейтілді. Бұған дейін археологиялық және реставрациялық жұмыстардың барлық түріне бір ғана мерзімсіз лицензия берілетін. Бұл жеткілікті құзыреті жоқ ұйымдардың да жұмыс алуына жол ашты. Енді лицензиялар археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар болып бөлінеді және 5 жыл мерзімге беріледі. Міндетті түрде штатта ғылыми дәрежесі мен тәжірибесі бар мамандардың болуы талап етіледі. Заңбұзушылық анықталған жағдайда лицензияны тоқтату немесе кері қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған.

2. Жер мәселесі және превентивті археология.
Бұрын жер телімдері тиісті сараптамасыз бөлініп, кейін ол аумақта қорғандар бар екені анықталатын жағдайлар жиі кездесетін. Енді осы олқылықтарды жоятын нақты нормалар енгізілді.

3. «Қара қазбаға» толық тыйым (металлоіздегіштер).
«Әуесқой іздеу» туралы дауларға нүкте қойылды. Металлоіздегіштер мен басқа да іздеу техникасын ескерткіштер бар жерлерде қолдануға тек археологиялық жұмыстарды жүргізуге арналған лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

4. Табылған жәдігерлердің тағдыры: қайда және қалай сақталады?
Табылған заттар «жеке» (музейлік құндылықтар) және «жаппай» болып бөлінді. Алғашқылары музейлерге тапсырылады. Ал ғылым үшін маңызды, бірақ музей экспозициясына қажет бола бермейтін жаппай материалдар үшін арнайы Ұлттық депозитарий құрылады.

Жеке коллекциялар.
Енді жеке тұлғалардың қолында сақталған құндылықтар туралы мәліметтер де Мемлекеттік музей қорының (каталогының) құрамына енгізіледі. Мемлекет ел аумағындағы мәдени құндылықтардың қайда және кімнің қолында екенін білуі тиіс.

5. Цифрландыру.
Археология саласында Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе енгізіледі. Бұл жүйеде бұрын бір жерде шоғырланбаған барлық маңызды деректер қамтылады: археологтар тізілімі, әрбір қазба бойынша есептер, табылған заттар туралы ақпарат, музей қоры, қорғау аймақтарының шекаралары және т.б. Бұл археологиядағы «қос есептілікті» және деректердің, есептердің, жәдігерлердің жоғалуын болдырмайды.

6. «Өз бетінше абаттандырудан» қорғау. Кейбір жағдайларда ескерткіштерге қараушылардың өздері «жөндеймін» деп немесе жақын маңда бірдеңе салуға тырысып, зиян келтіретін фактілер болған. Енді заңда арнайы нормалар көзделген.

Сонымен қатар, қазба барысында жаңадан анықталған барлық нысандарға қорғау аймақтары бірден белгіленеді. Яғни, ұзақ бюрократиялық рәсімдердің аяқталуын күтпей-ақ, табылған сәттен бастап мұндай нысан археология ескерткіші ретінде автоматты түрде заңмен қорғалады енді.

7. Ұлттық археологиялық қызмет.
Бұл құрылымды құру жөнінде пікірталастар көп болды, алайда біз оның қажеттілігін дәлелдеп, талап еттік. Қызметтің мәртебесі мен функциялары заңда нақты бекітілді. Дәл осы ұйым қазба жұмыстарын бақылап, есептерді талдап, ғылыми сараптама жүргізеді. Бұл археологиялық қызметтер нарығындағы бейберекеттілікті жоюға мүмкіндік береді.

Заңда басқа да маңызды нормалар бар.

Факультетіме барып, бізге археологиядан дәріс оқыған профессорлармен кездескенде, тыңдаған дәрістер қабылданған заң нормаларында өз жалғасын тапқанын айттым.

Осы тұрғыдан алғанда, олар да бұл заңның тең авторлары деп айтуға болады.
🔥 16
👍 7
5
1 2.1K

Обсуждение 0

Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.

Обсудить в Telegram
Открыть в Telegram