avatar
AIMAGAMBETOV
@aimagambetov
17.11.2025 11:41
AIMAGAMBETOV Құрылыс кодексінің жобасында әлеуметтік салаға тікелей қатысты түйінді мәселелер әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Біздің түзетулеріміз әзірге қабылданбады. 🔹 1. Мектеп пен балабақша үйлерден кейін емес, онымен бірге салынуы тиіс Былтыр біз көпқабатты тұрғын үйлерді мектептерсіз, балабақшаларсыз және емханаларсыз салуға тыйым салатын маңызды заңды қабылдадық. Бұл заң енді ғана жұмыс істей бастаған еді. Бірақ жаңа Кодекс жобасында ол норма жоқ. Неліктен? Бұл кімге тиімді? Қазір тұтас шағынаудандар мектеп пен емханасыз салынып жатыр. Мыңдаған отбасы көшіп келіп жатыр, ал балаларға оқитын да, ем алатын да жер жоқ. Бұл – әділетсіздік. Біз нақты ұсындық: мектеп, балабақша және емхана жоқ жерде құрылысқа рұқсат берілмесін. 🔹 2. Балалардың қауіпсіздігі – үнемдейтін жер емес Былтыр бәріміз бірге маңызды норманы қабылдадық: барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің терезелері міндетті түрде қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуы керек. Өкінішке қарай, балалардың терезеден құлап кетуі сияқты қайғылы оқиғалар әлі де кездесіп отыр. Жүздеген бала осылайша қаза табуда. Бірақ жаңа Кодекс жобасын ашып қарасақ, бұл норма мүлде жоқ. Неліктен? Иә, мүмкін “қымбат”. Мүмкін “застройщиктерге тиімсіз”. Бірақ, бала өмірінен қымбат не бар? Егер осы норманың арқасында бір ғана баланың өмірі сақталса – ол Кодексте міндетті түрде болуы тиіс. 🔹 3. Геология: астымызда не жатқанын білмей, қалай құрылыс салуға болады? Өкінішке қарай, бізде геологиялық зерттеу саласы әлі де бейберекет, бақылаусыз нарық күйінде қалып отыр. Мамандардың айтуынша, “геологиялық қорытындыны” кейде тіпті алаңға шықпай-ақ сатып алуға болады. Кейбіреулер бұрын 100 метр қашықтықта жасалған деректерді алып, көшіреді де, ресми құжат ретінде ұсынады. Қағаз жүзінде бәрі мінсіз, ал іс жүзінде – жарықтар, шөгу, апат. Жобалау мен геологиялық зерттеу жұмыстарының өкілеттіктерін нақты бөліп, мүдделер қайшылығын болдырмау қажет. Біз осыған қатысты нақты түзетулер мен шешімдер ұсындық. Осы қадамсыз біз сөздің тура мағынасында құмның үстіне құрылыс салып жатырмыз. 🔹 4. Мектеп пен балабақшаға арналған жер – дүкендер мен тұрғын үйлерге арналмаған Бұл да өте өзекті тақырып. Кейбір жер телімдері ПДП-да мектеп пен балабақша үшін белгіленген. Алайда уақыт өте келе сол жерде тұрғын үй, сауда орталығы, тіпті түнгі клуб салынып кетеді. Немесе бар мектепті “апатты” деп танып, оның орнына тұрғын үй салып, мектепті қаланың шетіне көшіреді. Біздің ұсыныс: 📍 әлеуметтік нысандарға бөлінген жердің мақсатты пайдалану түрін өзгертуге қатаң тыйым салу, тек балама жер учаскесі 100 метр радиуста берілген жағдайда ғана рұқсат ету. 🔹 5. “Бизнес–әкімдік” меморандумдары жауапкершіліксіз – бұл жай ғана қағаз Застройщиктер жиі әкімдіктермен меморандумдарға қол қояды: “Үй салуға рұқсат беріңіздер, кейін мектеп саламыз”, “кейін инфрақұрылымды қамтамасыз етеміз”. Бірақ іс жүзінде бұл меморандумдар – жай уәде, заңды күші жоқ құжат. Сондықтан біз нақты тетік ұсындық: бұл енді жай уәде емес, застройщиктің заңды міндеттемесі болуы керек. 🔹 6. Сапасыз құрылыс және жауапкершіліктің жоқтығы Қазір әлеуметтік нысандарда жарықтар, сапасыз материалдар, немқұрайлы жұмыс жиі кездеседі. Неліктен? Өйткені жауапкершілік аз, айыппұлдар тым аз және күлкілі деңгейде. Біздің ұсыныс: құрылыс нормаларын бұзғаны үшін айыппұлдарды бірнеше есе арттырып, аса өрескел бұзушылықтарға қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет. Қазір мұндай норма жоқ. Көп жағдайда бізге айтады: “Бұл нормаларды заңға емес, кейін бұйрықтар мен қағидаларға енгізейік.” Бірақ заң мен бұйрықтың айырмасы орасан зор. Заң – ең жоғары заңдық күші бар акт. Оны министрдің бұйрығымен немесе хатпен өзгертуге болмайды – тек Парламент арқылы ғана. Заңдағы нормаға сотта сілтеме жасауға, оның орындалуын талап етуге және бұзғандарға жауапкершілік жүктеуге болады. Ал басқа актілер – бүгін қабылданады, ертең жойылады. Сондықтан біздің барлық ұсыныстарымыз – ар-ождан мен әділеттің нормалары.
Өкінішке қарай, Құрылыс кодексінің жобасына берген біздің маңызды түзетулеріміздің басым бөлігі қабылданған жоқ.
Алда небәрі бірнеше жұмыс тобы ғана қалды- уақыт өте аз.

Біз әр азамат үшін қажет мәселелер туралы айтып отырмыз:
– мектептер мен балабақшалар тұрғын үйлерден кейін емес, бірге салынуы тиіс;
– геологиялық зерттеулер шынайы болуы керек, «сатып алынған» жалған қорытындылар емес;
– мектеп пен ауруханаға арналған жерді қорғау, олардың орнына түнгі клуб немесе дүкен салуға жол бермеу;
– құрылысшылардың нақты жауапкершілігі болуы тиіс, қағаз жүзіндегі жалған меморандумдар емес;
– әлеуметтік нысандарды қабылдау комиссияларына қоғам өкілдері қатысуы тиіс;
– сапасыз құрылыс үшін нақты және қатаң айыппұлдар мен жауапкершілік енгізілуі қажет.

Әзірше осы күйінде, бұл нормаларсыз Кодексті қабылдауға болмайды. Заң адамдарды қорғауы керек, құрылыс компанияларын емес.

Елде Құрылыс компанияларының мүддесін қорғайтындар тым көп сияқты
👍 37
4
1 3.1K

Обсуждение 0

Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.

Обсудить в Telegram
Открыть в Telegram