avatar
AIMAGAMBETOV
@aimagambetov
22.10.2025 10:52
💰 2026 жылғы бюджетте не өзгерттік?
Біздің Комитеттің бастамасымен біраз мәселені шешуге қосымша қаражат бөлінді.

🚑 1. Жедел жәрдемді қолдау

Біз жедел жәрдем қызметін қолдау үшін 5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлдірдік. Проблеманы тек көтеріп қана қоймай, осындай нақты қолдау көрсеттік.

Бұл қаржы жаңа жедел жәрдем бригадаларын ашуға, материалдық базаны жаңартуға, жалақы төлеуге және жөндеу жұмыстарына бағытталады.
Бұл шешімнің артында – талай адамдардың өмірін сақтап қалуға жағдай жасау мақсаты тұр.

🏫 2. Республикалық физика-математика мектебі (РФММ)

РФММ – еліміздегі ең мықты мектептердің бірі. Бірақ басқа мектептермен салыстырғанда оның қаржыландыруы төмен.
Әсіресе тамақтану мен интернаттағы балалардың жағдайы қиын. Соңғы жылдары мектеп тек ақылы қызмет есебінен жұмысын ұстап келген.
Сондықтан біз 1,6 млрд теңге бөлуді қолдадық – мұғалімдердің еңбекақысын төлеу және оқушылардың тамақтануы мен тұру жағдайын жақсарту үшін.

📚 3. Ұлттық архив пен Ұлттық кітапхана

Қыста біз архив және кітапхана қызметкерлерімен кездестік.
Сол кезде олар материалдық-техникалық базаның ескіргенін, жабдықтың жетіспейтінін ашық айтты. Біз қолдаймыз деп уәде бердік, енді соны орындадық.
Республикалық бюджеттен ұлттық архивтер мен кітапхананың материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңарту үшін қосымша қаржы бөлінді.

🔬 4. Ғылым және онкология

Онкологиялық аурулармен күрес – біздің тұрақты назарымызда.
Қазір елімізде Ядролық физика институты, Ұлттық ядролық орталы бар, өз реакторымыз да жұмыс істейді.
Сондықтан ең өзекті бағыттардың бірі – онкорадиопрепараттар әзірлеу.
Біз осы мақсатқа арнайы қаражат бөлуді қолдап отырмыз. Бұл Қазақстанды тек өз қажеттілігін өтейтін емес, сондай-ақ мұндай препараттарды экспорттай алатын елге айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл мыңдаған азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін маңызды қадам.

🗂 5. Ұлттық ғылым академиясы

Ұлттық ғылым академиясының өтініші бойынша олардың қосымша шығындарын қолдау үшін қаражат бөлінді.

🗣 6. Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры

Келесі жылдан бастап Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры жобасы іске қосылады. Біздің бастамамызбен өткен жылы арнайы заң қабылданып, осындай жүйе бекітілген болатын.

Бұл – қазақ тілінің барлық лексикалық қазынасын біріктіретін заманауи ақпараттық жүйе. Жобаға 111 млн теңге бөлінді. Бұл қор — қазақ тілінің бірізділігін, қолдауын қамтамасыз ететін маңызды құрал.
Әртүрлі салалардағы - құқықта, білімде, ғылымда, технологияда - қолданылатын терминдер мен сөздердің мазмұны мен жазылуын біріздендіру үшін бұл қор біртұтас, жүйеленген, ресми цифрлық лексикалық база рөлін атқарады. Ол білім беру, аударма, мемлекеттік құжаттар, жасанды интеллект жүйелері мен бағдарламаларда қазақ тілінің дұрыс әрі стандартты қолданылуын қамтамасыз етеді.
Бұл бастама мемлекеттік тілдің цифрлық дамуына үлкен серпін береді. Тілді нақты іспен қолдау маңызды.

🎭 7. Мәдениет, тәрбие және қазақша контент

Қаржы министрлігі біздің 2025 жылы берген түзетулерімізді ескеріп, 2026 жылға мынадай жобаларға қаржы қарастырды:
• 300 млн ₸ - қазақ тіліндегі анимациялық мультфильмдер жасауға және оларды интернет пен YouTube-та таратуға;
• айтыс, жыр айту сияқты шығармашылық байқаулар өткізуге;
• “XXI ғасыр көшбасшысы” және “Азамат” сияқты интеллектуалды телебағдарламалар мен “Жайдарман” жобасын қолдауға.

Сондай-ақ халықаралық пәндік олимпиадалар бойынша ұлттық құраманың жүйелі дайындалуына жағдай жасау мақсатында оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арнайы қаржы қарастырдық.
Дебат пен өзін-өзі басқару қозғалысын мектептерде дамытуға да қаржы бөлінді.

2026 жылғы бюджет жобасын талқылау барысында шешілген бұл бастамалардың барлығының түпкі мақсаты –
адамдардың өмір сапасын арттыру және білім, ғылым, мәдениет, тіл мен денсаулық саласында нақты өзгеріс жасау.
👍 15
9
🔥 2
🙏 1
4 1.9K

Обсуждение 0

Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.

Обсудить в Telegram
Открыть в Telegram