Қол-аяғы ампутацияланған, қатерлі ісікпен арпалысып жүрген немесе инсульт алған науқастарды көз алдыңызға елестетіп көріңізші.
Олар онсыз да өмір үшін күресіп жүр. Ал бұрын олар мүгедектік рәсімдеу үшін апталап табалдырық тоздырып, құжат жинап, «айдай анық» нәрсені дәлелдеуге мәжбүр болатын.
Бүгінде жағдай өзгеруде. Соңғы екі жылда біздің Комитет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп осы бағытта жүйелі жұмыс атқарып келеді.
Оның нәтижесі де бар. Жақында Қарағандыда Медико-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімінің жұмысымен таныстық. Мыңдаған адамның тағдырына әсер ететін бұл салада биылдың өзінде 10 401 қызмет көрсетіліп, соның 36%-ы – қашықтан, проактивті форматта жүзеге асқан. Бұл- жақсы нәтиже.
Ол нені білдіреді? Енді онкология, туберкулёз, инсульт салдары, аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, 1-типті қант диабеті, бүйрек жетіспеушілігінің соңғы сатысы, Паркинсон ауруының ауыр деңгейі сияқты күрделі диагнозы бар азаматтар мекемелерді жағалап жүрмейді. Барлығы проактивті түрде рәсімделеді. Бұл– жай ғана формалдылық емес, бұл – адамдардың уақытын, жүйкесін, күш-қуатын үнемдеу.
Әрине, мәселелер де бар. Қазір МӘСте 18 орынның орнына небары 12 сарапшы жұмыс істейді, оның төртеуі – зейнет жасында. Комиссия құрамындағы дәрігерлердің жалақысы ауруханалардағы әріптестеріне қарағанда төмен болғандықтан, кадр тапшылығы айқын сезілуде.
Соған қарамастан, маңызды қадамдар жасалып жатыр:
✅ Ақмола мен Павлодар облыстарында пациенттерді МӘС-ке жолдауды орталықтандыру пилоты іске қосылды. Бұл – негізсіз, сапасыз құжаттарды болдырмауға мүмкіндік береді.
✅ 30 маусымнан бастап ерекше нозологиялар бойынша («ампутация», «Даун синдромы», «мукополисахаридоз») арнайы механизм енгізілді. Бұл – мүгедектікті тезірек әрі артық рәсімсіз белгілеуге жол ашты.
✅ Біздің табанды ұсынысымызбен Денсаулық сақтау министрлігі нысандарға өзгерістер енгізіп жатыр. Міндетті госпитализация талабы алынып тасталмақ. Бұл тек уақытты ғана емес, сонымен бірге бюджет қаражатын да үнемдейді.
Біз үшін бұл тек құрғақ статистика немесе ресми есеп емес. Бұл– нақты тағдырлар, жанды тарихтар. Сол адамдардың көзіндегі мұңды да, үмітті де көреміз. Сондықтан да бұл өзгерістерді табанды түрде жүзеге асыруды жалғастыра береміз.
Обсуждение 0
Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.
Обсудить в Telegram