20 МЛРД ТГ ИНВЕСТИЦИЯ, 630 ЖҰМЫС ОРНЫ ЖӘНЕ ЖҮЗДЕГЕН ЖОБА: ҰЛЫТАУДА «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Ұлытау облысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Қаженова өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Ашық диалог форматында өткен жиында бизнесті дамыту, инвестиция тарту және аймақ экономикасын нығайту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар мен нақты нәтижелерге ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары өңірде 47,3 млрд теңгеге 3 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, 630-дан астам жұмыс орны ашылды. Ал «Жасыл Ел» бағдарламасы арқылы 1600 азамат жұмыспен қамтылып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді.
Ауылдарды дамыту бағытында «Дипломмен ауылға» жобасы нәтижесін беріп, 110-нан астам жас маман ауылдарға жұмысқа тартылды. Туризм саласында жаңа нысандар ашылып, өңірдің әлеуеті артып келеді. Сонымен қатар «Жер аманаты» жобасы аясында 607 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды.
Білім, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңа мектептер мен балабақшалар салынды, медициналық нысандар ашылып, заманауи техникамен жабдықталды. Жолдар жөнделіп, тұрғындар толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Тұрғын үй мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жүздеген отбасы жаңа баспанамен қамтылып, әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілуде.
Мұндай кездесулер – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, нақты мәселелерді шешуге бағытталған маңызды алаң. Алдағы уақытта да депутаттар өңір тұрғындарымен тұрақты түрде кездесіп, өзекті сұрақтарға жауап беруді жалғастырады.
Обсуждение 0
Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.
Обсудить в Telegram