Нұрбол Қалиев: «Ауыл аманаты» жобасы – тұрақты табысқа жол ашты
Ұлытау облысы Ұлытау ауданына қарасты Айыртау ауылында табиғи сүт өнімдері бүгінде тек жергілікті нарықты ғана емес, ірі қалаларды да қамтып отыр. Ауыл тұрғыны бастаған шағын шаруашылық уақыт өте келе тұрақты табыс көзіне айналып, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде. Бұл – «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының нақты нәтижесі.
Кәсіпкер Нұрбол Қалиев жоба аясында жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығын қолға алған. Алғашында 12 бас ірі қарамен басталған іс бүгінде кеңейіп, сүт өнімдерін өңдеу жолға қойылған. Қазіргі таңда шаруашылықта құрт, май, сүзбе, ірімшік өндіріліп, өнімдер ауылдан тыс Қарағанды мен Астана қалаларына жеткізілуде.
Жобаның тиімділігі – қолжетімді қаржыландыру мен нақты қолдауда. Төмен пайызды несие кәсіпкерге қаржылық жүктемені азайтып, өндірісті кезең-кезеңімен дамытуға мүмкіндік берді. Соның арқасында шаруашылық ауқымы ұлғайып, тұрақты жұмыс орындары ашылды.
Бүгінде бұл кәсіп тек табыс көзі ғана емес, ауыл экономикасын дамытуға үлес қосып отырған нақты мысалға айналды. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, нарықтағы сұранысты толық қамту жоспарлануда.
Обсуждение 0
Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.
Обсудить в Telegram