Алматыда Беларусь Республикасының Бас консулдығы ашылады
Мемлекет басшысы Беларусь сыртқы істер министрі Максим Рыженковты қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-белорус стратегиялық серіктестігінің қарқыны жоғары екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.
– Біз Сіздермен барлық салада ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударамыз. Беларусь мемлекеттілігіне, оның төл мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Ықпалдастығымыз, әсіресе, экономикалық салада дәйекті түрде дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Беларусь мемлекетінің басшысы Александр Григорьевич Лукашенкоға ыстық ықыласымды жолдаймын. Биыл мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын өткіземіз. Сол кезде көпжақты күн тәртібінен бөлек, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуға байланысты басқа да мәселелерді міндетті түрде талқылаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді әрі өзара сенімге құрылған диалогты жалғастыру, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру қажеттілігіне тоқталды.
Беларусь сыртқы істер министрі арнайы қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Президент Александр Лукашенконың ізгі сәлемін жеткізді
– Ең әуелі Президентіміз Александр Григорьевич Лукашенконың атынан Сіздерге мемлекетті өркендету, Қазақстанның заманауи келбетін қалыптастыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісінде толайым табыс тілеймін. Қазақстанның бүгінгі саясатының түп негізінде қарапайым адамның, халықтың және мемлекеттің мүддесі жатқанын атап өткім келеді. Мұндай әлеуметтік саясат елдерімізді жақындастырып, барлық бағыттағы байланыстарымызды бекемдей түседі. Ал мемлекеттер басшылары арасындағы жеке қарым-қатынас бәрімізге үлгі. Өзара ықпалдастықтың барлық деңгейінде Сіздердің қолдауларыңызды сезініп отырамыз, – деді Максим Рыженков.
@qazaqparat_kz
Обсуждение 0
Обсуждение не доступно в веб-версии. Чтобы написать комментарий, перейдите в приложение Telegram.
Обсудить в Telegram